ҚР МКҚ функциялары мен мақсаттары
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеге сәйкес
Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы – Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ұйымдастыру және үйлестіру.
Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;
4) күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
5) өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
6) күзетілетін адамдар мен объектілерге қатерлерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және залалсыздандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;
7) рәсімдік және протоколдық іс-шараларды жүзеге асыруға қатысу, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында және Президент актілерінде белгіленген басқа да міндеттер.
Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылықты жүзеге асырады. Күзет іс-шараларын өткізу аймағының шекарасын, олардың басталу және аяқталу уақытын, күзет іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, сондай-ақ оны өткізуге қатысу үшін тартылған күштер мен құралдардың құрамын айқындайды;
2) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;
3) Мемлекеттік күзет қызметінің құзырына енетін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президентін, Үкіметі мен мемлекеттік органдарын хабардар етеді;
4) Мемлекеттік күзет қызметінің ведомствосы мен құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
5) ведомствоның және құрылымдық бөлімшелердің жедел-қызметтік, жауынгерлік, жедел-іздестіру, қаржылық-шаруашылық және өзге де қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
6) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби іріктеуді ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметінің кадрларын негізінен әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлері арасынан жасақтайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Мемлекеттік күзет қызметінің кадрына қызметке келетін адамдарды зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Мемлекеттік күзет қызметіне жәрдем көрсетеді;
7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес, шет елдердің арнаулы қызметтерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында оқытуды, даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырады;
8) техникалық барлау құралдарына қарсы іс-қимыл және ақпаратты техникалық қорғау бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін - Елбасын Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық және өзге де байланыс түрлерімен қамтамасыз етеді;
10) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру бағдарларын (бұдан әрі – арнаулы трассалар) айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын қағидалардың, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды.
Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, күзетілетін адамдарды медициналық қамтамасыз етумен байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қатысады;
12) жедел есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құрады және қолданады;
13) өз өкілеттігі шегінде шифрлау жұмысын ұйымдастырады және орындайды;
14) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфирге мониторинг жүргізеді;
15) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шараларын өткізу аймағында белгіленген тәртіпте өткізу режимін жүзеге асырады. Күзетілетін объектілерге және күзет іс-шараларын өткізу аймағына алып кіруге тыйым салынатын нәрселер мен заттардың тізбесін айқындайды;
16) күзетілетін объектілердің аумағында және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарылғыш құрылғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру және жою жөніндегі іс-шараларды, жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді іске асыруға қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;
17) мемлекеттік органдармен бірлесіп, күзетілетін объектілерде, сондай-ақ күзетілетін адамдар баратын орындарда және оларға іргелес аумақтарда санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
18) Мемлекеттік күзет қызметінің объектілерін күзетуді және қорғауды қамтамасыз етеді. Өзіндік объектілерін күзету және қорғау бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару тәртібі Мемлекеттік күзет қызметінің нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады;
19) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді;
20) күзетілетін объектілерде, оларды орналастыруға арналған режимдік аумақтар аймақтарында, арнайы трассаларда және оларға іргелес аумақтарда барлық жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыс түрлерін жүргізуді келіседі;
21) Мемлекеттік күзет қызметін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық және қамтамасыз етудің басқа да түрлерін, оның ішінде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді тамақтандыруды, оның қарамағындағы ғимараттар мен имараттарды салуды, жаңғыртуды және жөндеуді, тұрғын үйді және казармалық-тұрғын үйді салуды, жөндеуді ұйымдастырады;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
